Жаңалықтар

12 маусым 2014
Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-жалпы отырысына қатысты
Ақмола облысы, Бурабай кенті

Кеңес отырысы шетелдік инвесторлардың Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға қатысу мәселелеріне арналды.

 

Кеңес отырысы шетелдік инвесторлардың Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға қатысу мәселелеріне арналды және ЭКСПО-2017 тіркеу досьесін қорғауға байланысты берілген Халықаралық көрмелер бюросының туын қабылдау салтанатымен басталды.

Қазақстан Президенті инвесторлармен тұрақты кездесу жақсы дәстүрге айналғанын, ал Кеңес өзін шетелдік бизнес үшін де, біздің еліміз үшін де ең маңызды тақырыптарда ашық диалог құрудың тиімді алаңы ретінде көрсеткенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін қазіргі өткізу нарықтарын кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін Еуразиялық экономикалық одақтың маңыздылығына тоқталды.

- Біздің елдеріміздің арасында тиімді экономикалық байланыстар орнату өңірде достық және тату көршілік қарым-қатынастарды жолға қоюға ықпал етеді. Кейбір елдерде ахуал тұрақсызданып, инвестициялық климат нашарлап отырған кезде Қазақстанда экономикалық одақтың арқасында шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ел Президенті Қазақстан экономикасына инвестиция салу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында жұмыс істеу үшін оңтайлы алаң болатынын атап өтті.

- Бірегей инвестициялық шарттар, ең төменгі салықтар және инвесторлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының тұрақтылығы біздің елді Еуразиялық экономикалық одақтың алып нарығына кіретін «үздік» қақпа ретінде  көрсетеді, - деді Қазақстан Президенті.

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығына тоқталған Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық дағдарыспен байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өңдеуші салаларына инвесторлар тарта алғанын атап өтті.

- Индустрияландыру картасы аясында 4 жылда жалпы сомасы 2,4 триллион теңгенің 651 жобасы іске қосылды, 70 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Осы жобалардың әрбір жетіншісі тікелей шетелдік инвестициялардың көмегімен жүзеге асырылды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті мұндай жобалардың қатарында «Альстом» компаниясы ұйымдастырған Астанадағы электровоздар өндірісін, «Рено», «Ниссан» және «Автоваз» компанияларымен бірлескен автоқұрамдауыштар өндірісінің толық циклды зауытының құрылысын атады.  

Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыз экономикалық ахуалдың салдарынан шетелдік тікелей инвестициялар ағыны қысқарып жатқан жағдайда Қазақстан инвесторлар үшін тұрақты әрі сенімді серіктес болып отырғандығын айтты.

- Әлемдік дағдарыстарға қарамастан, біздің экономикамыз орнықты даму қарқынын жоғалтпады. Біз инвесторларды барлық жағынан қолдаймыз және қолдау шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз, - деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бағдарламасының басымдықтарына тоқталған Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлармен серіктестіктің бірқатар негізгі тәсілдерін атады.

Қазақстан Президенті бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жағымды макроэкономикалық климат қамтамасыз ету екенін айтты.  

- Қазақстан он жылдан астам уақыт бойы кезең-кезеңімен орнықты макроэкономикалық орта құрды. Осы көрсеткіш бойынша біз 2013 жылы 23-орынды иелену арқылы қазірдің өзінде бәсекелестіктің жаһандық индексінде алғашқы отыздық елдері қатарына кіріп отырмыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі инвесторлар үшін қосымша қолайлы шарттар тудыратынын айтты. Өйткені елімізде сауда, инвестиция, зияткерлік меншікті қорғау салаларында халықаралық ережелер қолданылатын болады.

Инвесторларға жәрдемдесудің тағы бір маңызды шарасы ретінде қаржылық қолдау мәселесі аталды.

- Индустрияландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бес жыл бойына шамамен 600 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ Ұлттық қордан тағы 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдадық. Оған қосымша, Дүниежүзілік банкпен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен және Ислам банкімен негіздемелік келісімге де қол қойдық, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бизнес байланыстар мен кәсіпкерлердің халықаралық кооперациясын кеңейту үшін визалық кедергілерді жою қажеттігіне тоқталды.

- Бүгін біз Қазақстанда барынша жоғары инвестициялық белсенділік танытқан он мемлекеттің азаматтары үшін біржақты визасыз режим орнату туралы хабарлаймыз. Бұл тізімге АҚШ, Нидерланды, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы және Жапония кірді, - деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті инвесторларды инновациялық экономиканың негізін қалыптастыру және тиісті кадрлар даярлау үдерістеріне белсенді қатысуға шақырды.

- Сіздерді корпоративтік ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталықтар құруға және оларды Назарбаев Университетінің құрылып жатқан  Астана Бизнес Кампус Ғылыми паркі аумағында орналастыруға шақырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Кадр даярлау жүйесін жаңғыртуды индустрияландырудың маңызды шарттарының бірі ретінде атаған Қазақстан Президенті Үкіметке инвесторларды колледждер мен жоғары оқу орындарын басқаруға тартуды тапсырды.

Мемлекет басшысы мемлекет-жеке меншік серіктестігінің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда ол шетелдік инвесторларды жоспарланып отырған 700-ге жуық компанияны жекешелендіруге белсенді қатысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы «Еурокодтар» жүйесіне көшудің және құрылыс саласындағы сараптама бойынша қызметтердің басым көпшілігін бәсекелік ортаға берудің қажеттілігін де атап өтті.

Мемлекет басшысы капитал салудың мейілінше перспективалы бағыттары ретінде шикізат, өңдеуші өнеркәсіпті, инновациялық салаларды, шағын және орта бизнес, туризм және қызмет көрсету секторын атады.

Отырыс барысында Қазақстан Президенті басымдығы бар бағыттардың тартымдылығын көтеру үшін Үкімет әзірлеген ауқымды ынталандыру пакеті туралы да айтты.

Атап айтқанда, индустрияландырудың осы салаларындағы инвесторлар корпоративтік табыс салығын төлеуден және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады.

Сонымен қатар, мемлекет нысанды пайдалануға бергеннен кейін шетелдік инвесторларға күрделі шығыстарының 30 пайызына дейін өтеп беретін болады. Бұл орайдағы тағы бір шешім – инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде және нысанды іске қосқаннан кейін бір жыл ешқандай квотасыз және рұқсатсыз жұмыс күшін тарту болып отыр.

Сондай-ақ инвесторларға қосымша құн салығы мен акцизден басқа, барлық салықтар мен төлемдердің мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік берілетін болады.

Қазақстан Президенті инвесторлар үшін мемлекеттік мекемелермен жұмыс кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілетінін айтты.

Бұдан бөлек, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін "инвестициялық омбудсмен» институты заңнамалық деңгейде енгізілетін болады.

Мемлекет басшысы басымдығы бар салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың кепілдендірілген тапсырыстар алуына жәрдем жасалатынына назар аударды.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Отырыс барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти және Премьер-Министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады.

Сондай-ақ «Тоталь», «Дойче Банк Франкфурт», «Эни», «Дженерал Электрик Ойл энд Газ», «Телиа Сонера», «Сбербанк России», «Эрнст энд Янг», «Анадолу Групп» және басқа да компаниялардың басшылары отырыстың негізгі тақырыбына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Іс-шараның қорытынды бөлігінде «Бурабай-Қостанай» телекөпірі болып, оның барысында Мемлекет басшысы «Тойота» автомобильдерін шығару жөніндегі жобаны іске қосу рәсіміне қатысты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі отырысында Қазақстандағы агробизнесті дамыту мәселелерін талқылауды және оны Шымкентте өткізуді ұсынды.

Отырыстан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске қатысушылармен бірге Щучье көлінің жағасына тігілген этно-ауылды аралап көрді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу