Жаңалықтар

27 ақпан 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымының (ЭЫДҰ) бәсекелестікке бейімделу жөніндегі Еуразиялық бағдарламасының басшысы Антонио Соммамен және ЭЫДҰ-ның бір топ сарапшысымен кездесті

 

Кездесуге Ұлттық экономика вице-министрі М.Әбілқасымова, Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.Цой қатысты.

Кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту және әлеуметтік ықпалдастық салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

 Мемлекеттік хатшы 2015 жылғы 22 қаңтарда Давос қаласында 2015-2016 жылдарға арналған ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылуы Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейде екенін айғақтайтынын атап өтті. Қазақстан – осындай бағдарламаға қол қойған алғашқы мемлекет. Бұл елімізді ЭЫДҰ мүшелері қатарына бастайтын алғашқы қадам болып саналады.

 Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның ЭЫДҰ-мен өзара тығыз қатынасқа ұмтылуы ұйым мүшелерінің деңгейі мен стандарттарына жету жөніндегі стратегиялық мақсатымызды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерге негізделгенін айтты. Қазақстан өз экономикалық саясатының дамуын сараптау үшін ЭЫДҰ құрамындағы мемлекеттер тәжірибесін, жаңа әдістер мен инновацияны, ноу-хауларды, ЭЫДҰ-ның сарапшылық әлеуетін барынша пайдалануға ниетті.

Қазақстан сондай-ақ ЭЫДҰ-ның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі Еуразиялық бағдарламасының Орталық Азия Бастамасына Еуропалық Одақпен бірлесе басшылық жасайтын өңірдегі алғашқы ел болып отыр.

Кездесуде экономика саласындағы қызметке әйелдердің толыққанды тартылуын күшейту арқылы Қазақстанның бәсекелестік қабілетін арттыруды көздеген ЭЫДҰ бастамасы арнайы мәселе ретінде талқыланды. Мемлекеттік хатшы ЭЫДҰ-ның бұл бастамасын қолдап, бағдарламаның орындалуы еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясындағы жоспарланған ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға әйелдердің белсене қатысуына оң әсер ететінін айтты.

Кездесуге қатысушылар білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік салаларында гендерлік теңдікке жету жолындағы кедергілерді зерттеу және жою, гендерлік мәселелер жөніндегі ұлттық статистиканы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру ісіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен келешегін талқылады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар